Медицина қызметкерлері күні – бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі дәрігерлерге, мейіргерлер, санитарлар, барлық жұмыскерлерге ризашылық білдіру, құрмет көрсету және алғыс айту үшін себеп болатын өз кезегіндегі мейрам. Іс жүзінде ақ халатты еңбек ететін жандар – басқа да кәсіптер өкілдерінен оларды ерекшелендіретіні бұл халық игілігіне қызмет ету, бұл қайсарлық пен мейірімділік.
Осындай мейірімділік танытып, 36 жыл бойы халық үшін тыңбай еңбек етіп, облысымыздың педиатрия саласының дамуына зор үлесін қосып жүрген дәрігерлердің бірі де бірегейі Облыстық мамандандырылған сәби үйінің бас дәрігері Ержанова Гулсим Естайқызы.
Гулсим Естайқызы 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
1988 жылы Алматы қаласы Мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түсіп, 1994 жылы педиатр мамандығын иеленіп, бітіріп шыққан. Еңбек жолын Қызылорда темір жол ауруханасының балалар емханасына, аймақтық педиатр-дәрігері ретінде бастаған, 1998-2002 жылы аралығында осы емхананың меңгерушісі қызметін атқарған.
2002 - 2018 жылы Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емхана, емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
2018 жылдың қаңтар айында ОДСБ - ның бұйрығымен облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің медициналық көмектің сапасын қадағалау жөніндегі орынбасары лауазымына ауыстырылған.
2019 жылдың желтоқсан айынан бастап «Облыстық мамандандырылған сәби үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның бас дәрігері қызметін атқаруда.
Гулсим Естайқызы сәбилер үйіне басшылыққа келгеннен бері, мекеме жұмысы жаңа тыныспен тыныстап, жандана түсті. Мекемеге демеушілік көмекті ұйымдастыру арқылы заманауи медициналық аппараттар алынды, мекеменің жихаздары жаңартылды, еліміздің сәби үйлері арасында алғашқы болып «Тұзды шахта» бөлмесі ашылды. Бүлдіршіндердің ментальды жүйесін жақсарту мақсатында толық жабдықталған «Сенсорлық бөлме» ашылып, балалардың игілігіне пайдаланылуда.
Гулсим Естайқызы Облыс әкімінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хатымен», ҚР ДСМ-нің «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгілерімен марапатталған.














